Атымды адам койган сон
«Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын»
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басы қазақ елі үшін ең көп елеулі оқиғаларға толы заман болды. Патшалық Ресейдің әкімшілік орталықтары орналасқан Қазақстанның ірі қалаларынан басылып шығатын түрлі газеттер ауыл-ауылдардың бірін қалдырмай таратылатын. Нәтижесінде ауылдағы әр қазақ елдегі барлық жағдайлардан хабардар болып отырды.
Ауылдың хат танитын сауатты адамдары жұртты жинап, газет ішіндегі түрлі мақала мен елдегі хабарларды тұтас ауыл болып оқитын. Сауаты бар жұрт өздерінің газеттегі тақырыптарға қатысты туындаған ұшқыр ой-пікірлерін газет редакцияларына жіберіп отыратын. «Жақсы редактор түзейді, жаман редактор күзейді» деген қанатты сөздер сол кезден шыққан. Мал соңында жүрген малшыдан бастап, көзі ашық адамның аузынан шыққан өлең шумақтары газеттерден орын тауып, жарық көріп отырды.
Патшалы Ресей заманынан бері қазақ халқының басым көпшілігі хат танымайтын сауатсыз болған деп, Кеңес өкіметі бізге осынша жылдар бойы өтірік айтқаны белгілі. Шындығына келгенде, керісінше, арабтың төте және орыстың кирилл әріптерімен жазатын әлеумет әр қазақ ауылында басым болды. Сол замандағы ел-жұртты қазіргі азаматтармен салыстырсақ, елдегі болып жатқан саяси құбылыстар мен жаңалықтардан әлдеқайда хабардар болды. Кешегі заман жұртының саяси белсенділігі күшті болғаны соңша, аймақ басқарған бай-манаптарға, ауыл старшиндарына талаптарын қоя білген. Ел ішінде туған түйінді мәселелердің оң шешімін табуға да ықпалдарын тигізіп отырған.
Ал қазіргі егеменді Қазақстан республикасында тұратын қазақ халқының райы мүлдем басқа. Ұлт мүддесіне, оның ішіндегі ана тілі тағдырына немқұрайды қарайтын жандар жоқ емес, бар. Ол түгілі, күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарындағы көрсетіп айтып жатқан, жазып жатқан елдегі саяси, әлеуметтік, экономикалық жаңалықтарға құлақ салмайтындар жетерлік.
Кешегі Кеңес өкіметі тұсынан қалған, «үкімет мені далаға тастамайды, мен еш партияда жоқпын, президентке хат жазсам маған көмектеседі» деген жайбарақаттылық көңілдері үстем, егде жастағы азаматтар да жетерлік.
Қазіргі билік Назарбаевты ел ішіндегі тұрақтылықты орнатқан адам ретінде көрсеткілері келеді. Ол – аңғал жандарға арналған аңыз. Ел ішіндегі этника аралық тұрақтылықты сақтап отырған – қазақтар. Мысалы, өзім «президент айтты екен» деп ұстамдылық пен шыдамдылық мінез танытып жүргенім жоқ. Біздің бойымызға бейбіт сүйгіш тәрбие қондырған ата-аналарымызға иіліп рахмет айтуымыз керек. Республикамыздағы бейбіт ахуалға Назарбаевтың еш қатысы жоқ.
«Назарбаев байып алған адам. Оның орнына басқа біреу келсе, ол адам да байығанша елді тонайды. Одан да Назарбаев президент бола берсін» деп айтатын адамдар да жоқ емес.
Жаһан тарихынан білетініміз, елінің қамын ойламайтын, заңсыз қазына қаражатын иемденіп, байлығына мастанған басшыларын азаматтары қолдамауы – заңдылық. Біздегі бөлініп-жарылған Қазақстан Республикасының халқы билікке қарсы шығуы екіталай. Әу бастан биліктегілер отанымызда ұлтаралақ қатынасты өз мүдделеріне ыңғайлы қылып, аса шеберлікпен саясаттандырып алған. Қазақстан халқы Ассамблеясы сол үшін құрылған. Өзге ұлт өкілдері өз мүдделеріне ыңғайлы көсемдеріне алдағы президенттік сайлауда бір ауыздан дауыс береді. Ел тарихындағы әр сайлауда солай болды. Мұндай бір-біріне ыңғайлы электоратпен президент ештеңеден қорықпай сайлауға бара береді.
Тоқетері, басшыларымыз мемлекет құраушы қазақ ұлтының мүддесін әдейілеп төмендетіп отыр. Оған дәлел – қазіргі қазақ тілі жағдайы қиын хәлде. Тіл дамуы ұлт дамуына тікелей байланысты. Сондықтан санасы жоғары тұрған тұтас қазақ ұлтын алдау қиын. Еліміздегі өмір сүретін түрлі этнос өкілдері мен тілінен ажырап қалған қазақтарды алдау оңай.
Астана қаласының атқамінерлері саяси партия көшбасшыларының сайлау додасынан неге бас тартқандарын сұрап, партиялардың орталық кеңселеріне барып, сауалдарын төте қойып жатты. Ұзақ жылдар бойы халықпен жұмыс істеп келе жатқан еліміздегі ірі және халық ішінде беделді саяси партияларды, қаламыздың белсенді азаматтары қолдайтынын және жетекшілері сайлауға түскенде дауыс беретіндерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Мен, сол сайлау додасына қатыспайтын бір саяси партия мүшесі ретінде айтарым: Мемлекетімізде осы жолы да сайлау нәтижесін бұрмалайтын механизмді басқаратын бастық-қаралар әкімшілік механизімін оталдырып, сайлау додасында өз көсемдеріне 95 пайыз дауысты алып беруге сақадай сай отыр.
Әйтпесе Қазақстан халқын жарқын болашаққа жетелейтін асыл тұлғалар, Құдайға шүкір, бар. Олар кез-келген уақытта әділ сайлауда жеңіп шығып, адалдықпен елін басқаруға даяр.
«Атымды адам қойған соң. »
(Абайдың «Жүректе қайрат болмаса» өлеңіне түсінік)
«Жүректе қайрат болмаса» (1898) – жан (адамдық) һәм тән (надандық) таласы туралы мазмұны терең толғау. Бес шумақ өлең өзегі – жантану ілімі. Біздің адамдық немесе адамгершілік дейтініміз – арабша «инсаният», латынша «гуманизм». Осынау «адам» атануының, жалпы адам болмысының түп негізі (генезисі) неде? Өлеңде Абай осы мәселені көтерген.
Таяуда қаламы бар бір азамат «Егемен Қазақстан» (2020 жыл, 20 ақпан) газетінде «Абай философиясы: шығу тегі, қалыптасуы және дамуы» деген тақырыбы зор эссесін жариялапты. Эссе авторы ондаған еуропалық ойшыл ғалым, жазушыны атап айта келе, осылар: «Болмыс жұмбағын шешті» деп түйеді. Бұл Еуропаға Абай ұстаз емес дегені ме – түсінбедім. Мұны қойшы, әлеуметтік желіде (ФБ-да) Кенжебай Мырзан бастатқан топ: «Абай, Абай!» деу надандық, кез келген халықтың Абайдан асқан данышпандары жетеді» десіп тас атып жатыр екен. Қазақты қазақ қып сақтаған Абайға шын көңілмен сүйіну, табыну орнына басыну. бұл сорақылық қайдан?! Шүбәсіз, бұл советтік дәуірде қоғамдық санаға «Абай – әдебиетші» деп сіңдірудің және соңғы отыз жылда Абайды таныту ісін жылы жауып қоюдың салдары.
«Абай.кз» сайтында маған «Философия ғылым ба, ғылым болса, статусы қандай?», «Абай философ па, әлде хакім бе?» деген сауалдар қойылған-ды, сөзді осыдан бастайын. Философия, иә, ғылым саласы, бірақ жаратылыстану ғылымдары (физика, биология, химия, математика, астрономия және т.б.) сияқты дербестік онда жоқ. Оның міндеті – дүниенің көрінбеген сыры, яғни киелі кітаптар мәтіні мен хакімдік ілімдерге түсініктер (комментарий) беру. Философия статусы, міне, тек осымен ғана анықталмақ.
Енді философияға сүйенген Еуропа ой-сана кеңістігіне көз салайық.
Кешегі Спиноза, Декарт, Дарвин, Гегель, Фейербах, Маркс және т.б. жасаған «жүйелі» ілімдер тегіс ескірді. Өйткені, олар хақиқатты материалдық әлемге жалтақ-жалтақ қарап, соның категорияларымен ұқтыруға, шешуге тырысып бақты. Абайдың жантану, толық адам, үш сүю ілімдері тірі, тіпті жаңа туылғандай балғын. Неге? Оған себеп – Құдай (жан) барлығын «ақыл мен хауас (сезім)» білмейді, тек «жүрек сезедүр» дейді Абай. Кемеңгердің: «Бекер, босқа езе дүр» дегені – күллі Батыс пен Шығыс оқымыстыларын шенегені еді. Мұны «философ сөзін көп оқыған» шәкірті Шәкәрім қостап:
Саяз ақыл бас ұрған,
Мақтауын көктен асырған,
Жаба тоқып жасырған,
Талайдың жардым шиқанын, – дейді . Біле білсек, Абай: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дегенді жайдан жай емес, жеке басының тәжірибесінен алып айтқан.
Сөйтіп, жүрекпен сезу – тек әулие хакімдердің сыбағасы. «Сөз – Құдайдан шыққан бу» (Шәкәрім) демекші, керемет өнерді, техникалық прогресті қарыштатқан ғажайып жаңалықты тудырған білім мен шабыт тек Құдайдан келеді. Бұл әлімсақтан аян. Абай нәр алған осы төртінші қайнар исламда «илхам» немесе «уахи» делінетін өте сирек құбылыс. Әлгінде Кенжебайдың «әр халықтың Абайдай данышпандары жетіп артылады» дегені «әр халықтың өз пайғамбары бар» деген сияқты білімсіздік.
Сонымен, 1897-1898 жылдарға дейінгі шығармашылығы бойынша Абай – үш қайнардан нәрленген оқымысты философ, ал «Тасдиқ» (қазіргіше 38-сөз) трактаты мен «Алланың өзі де рас. » өлеңін жазған 1898-1902 жылдары Абай – бүкіл адамзаттың ұстазы. Бұл ғұламаның рухани өсу, жетілуінің соңғы сатысы. Білімді жүрекпен алған илхам шағы. Егер Кант, Ницше, Пушкин, Толстойлар Абай қасында еріп жүр деп бір сәтке көзге елестетер болсақ, онда олар – мүрид, Абай – пір. Даналық деген – дүниенің көрінбеген сырын Абайдай айта білу, жүрекке жеткізіп.
«Абай кім? Философ па, әлде хакім бе?» деген сауалға және «Абайды қолдан данышпан жасадық!» деп танаулатып жүргендерге айтарым осы.
Енді бұрылысты 1898 жылғы хакімдік өлеңге келейік.
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйқтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Қайуанша жүріп күнелтпек, – деген алғашқы шумақтағы сырлы астар қайсы? Жаратушы құдірет жұмыр басты пендесіне жан мен тәнге қосып, ерекше ақыл дарытқан. Тәнсіз адам бола ма, сол сияқты ақылсыз адам да жоқ. Бір Тәңірі қайуаннан осылай ажыратқан. Адам ақылы ерекше, оған адамзат тарихы – метафизика сыры мен күллі жаратылыс құпиясын танып-білудің тарихы болуы дәлел. Бірақ атың «адам» болуға ақыл да аздық етпек, жүректе жігер, қайрат болуы шарт екен. Оянған, ойланған есті кісі ғана әрнені білуге құлшынбақ, ақыл қуатын керекті өріске бағыттай алмақ. Ал, кім көкірегі қараңғы, жігерсіз болса, сол – «Қайуанша жүріп күнелтпек». Оның білері тек қарынның қамы. Есті, саналы, иманды, арлы, намыстыға оны кім қосар. Мұны Абай ғақлия сөзінде: «Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады» (14-сөз) деуімен бекіте түседі. Міне, алғашқы шумақтың сыры осы.
Тіршілік құрсауында қайраңда қалған балықтай тыпырлаған бейбаққа жаны ашыған хакім Абайдың: «Құрсаудан құтыл, ол үшін жүректе қайрат, ал ақылда сәуле, яғни рух болсын!» деп өсиеттеп отырғанын аңғаруға қиынға соға қоймас. Осыны екінші шумақта Абай: «Аспаса ақыл қайраттан, Тереңге бармас, үстірттер» деп ескерткен.
Сөйтіп, «Ақылға сәуле қонбаса» деген астарлы тезис. Кісілік деген –ақылға сәуле қонуы. Ес, сана, иман, арлылық, намыс, жігер категориялары – ақылға сәуле қонғанының айнасы.
Ақылға сәуле қонбаса ше? Онда үкімі қайратқа жүрмейді. Керісінше күші мол қайрат суық ақылға күнәлі ой ойлатып, жаманшылыққа бастауы мүмкін. Абайдың көп өлеңдерінің кейіпкері – суық ақыл иелері. Қиянатшыл, қараңғы, «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» болып, жүрегі кірленген оларға Абай ойлы, мейірімді, қайратты, ақ жүрек, мәрт тұлғаны қарама-қарсы қояды. Екі кейіпкер арасындағы принципті айырма – алдыңғы өзін «тән» санаса, кейінгі өзін «жан» деп біліп өмір сүреді. Біріншісі өмірді – тоймайтын жеміт көзбен, екіншісі – «тән өлсе өлер, бірақ жан өлмес» деген сеніммен сүреді. Бүгінгі әлемдік экологиялық апаттың түпкі себебі осы арада жатыр.
Үшінші шумақта Абай:
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жан ашып.
Бере берсең бер десе,
Үміт етер таласып, – деп, даналық танымын әрі қарай жалғастырған .
Қазіргі «Пәлі, дүние түгел, тегіс өзгеріп кетті!» деп тамсанып, таңдай қағып жүргеніміз тек материалдық әлемге қатысты. Адам болмысы, дәлдісінде, жан – тұрақты, мәңгілік. Мәңгілік жан өлетін тәнді билесе ғана жарасады. Сонда жеке отбасы да, бүкіл қоғам да ырыс-ынтымақта, береке-бірлікте болмағы шүбәсіз: «Тура жолда қайғы тұрмас» (Абай). Жанға күштеу, зорлық-зомбылық жат, оның қасиеті – мейірімділік. Бірақ, әркім өзі көреді, өмірде бәрі керісінше болатұғыны несі?
Себебі, бұл материалдық әлем, мұнда жаннан тән күштірек. Тән өзімшіл әрі тойымсыз. Жан бер дегенін бере беріп, тәннің құмары бір қанар деп үміт етеді. Тойымсыз тән «бер, бер» деп сұраған сайын жан шыдай алмай, оның сүйгенін береді. Мейірімді жан ашкөз тән тілегін шектеуге тырысып-ақ бағады: «Үміт етер таласып». Күреседі, бірақ шығар нәтиже шамалы.
Сөйтіп, Абай әлеуметтік жараның бірі – құлқын қамына құлақкесті құл болудың құпиясын ашқан, бүгінгі тілмен айтсақ, осы заманғы тұтынушылық психологиясын анықтап берген. Оның аты – тойымсыздық, жер беті кейіске, қоғам қасіретке толы болатыны содан деп ұқтырған.
Төртінші шумақта Абай:
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса,
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса? –
деп толғанған. Жылқы естісінің ақылы (батырлық эпос кейіпкері, әлбетте, астындағы тұлпарымен кеңеседі), ботасына боздаған түйенің махаббат сезімі тіпті адамдікінен асып түсуі мүмкін. Бірақ малда ақыл, сезім тек тән рефлексі шеңберінде. Жоғарыда Тәңірі адамға ерекше ақыл дарытқан дедік. Оған қоса, жан тілегіне жетуге керекті махаббат пен еркіндікті де берген. Сол үшін қайуаннан сұрау жоқ, адамнан сұрау бар. Демек, қайуан болма, адам бол! Ол үшін Құдайдың хикметін сез, жан мәңгі деп кәміл илан. Қайрат пен ақылды жанға билет! Нәпсіні тия алмаса, тәннен жеңілсе, ол – жүректе қайрат жоқтығы.
Осылайша дана Абай азып-тозған пақырға «Тереңге бет қой!» дейді жаны ашып. Қайуанша жүріп күнелткендерге үлгі етері – ақылына сәуле қонған мәрт тұлға, толық адам. Соңғы бесінші шумақты былайша қорытады:
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?!
Абайдың екі томдық толық жинағын жаңа үлгіде дайындап, санаулы данасын осыдан жарты жыл бұрын Семей қаласында баспадан шығарғанмын. Енді сол жинақта жасалған бірер текстологиялық түзетулерді келтіре кетейін.
1995 жылғы толық жинақта өлеңнің екінші шумағының үшінші жолы:
. Қартыңның ойы шар тартқан, – деп басылған. Қазақ кәртейген кісіні «шар тартқан» емес, «шау тартқан» десе керек-ті, оған қоса, қарлығыңқы кәрі дауысты «шауқылдаған дауыс» дейді.
Келесі дәлсіздік байыппен тексеруді талап етеді. Соңғы шумақтың екінші жолы барлық жинақтарда:
Дұрысы – «надан» емес, «қайуан» сөзі! Оған екі дәлел бар.
Біріншісі, тобықты елінің азаматы Оразке Уақбаевтың қолжазба дәптері. Абай өлеңдері 1895-1900 жылдары көшірілген дәптерде «қайуан» сөзі тайға таңба басқандай анық. Дәптерді 1951 жылы тексерген абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханов былай деп мәлімдейді: «Оразке қолжазбасының тарихи құндылығы Абай өлеңдерінің кейбір сөздері басқаша берілген. Мысалы, «Жүректе қайрат болмаса» өлеңінің ең соңғы шумағындағы бір сөз басқаша беріліп:
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп қайуан болайын, – деп жазылған. Сөйтіп, Абай «қайуан» деген сөзді қолданған. Абай өлеңдерін көшірушінің бірі «қайуан» деген сөзді өз ойынша оғаш көріп, оның орнына «надан» деген сөзді жаза салуы мүмкін» («Абай» журналы, 1992, №2).
Әлдекім «қайуан» сөзін өз білуінше оғаш көріп, ауыстырған. Алайда адам мен қайуан болмысын салыстыра қарастыру – мұсылмандық Шығыста дәстүрлі тәсіл. Құранның іші толған соның мысалы. «Адамшылық» атты өлеңінде мінсіз сөз иесі Шәкәрім:
Кісіге адамшылық неге керек?
. Адам боп, қайуаннан болсаңшы ерек! – десе, келесі «Талап пен ақыл» өлеңін:
Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,
Анық төмен болмай ма қайуаннан, – деп қорытады.
Абайдың өзіне жүгінер болсақ, белгілі өлеңінде:
Махаббатсыз дүние – бос,
Қайуанға оның қосыңдар, – дейді. Оған «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын. білмесе. ол жан адам жаны болмай, қайуан жаны болады» (7-сөз), «. Адамды да қайуан секілді қылып жаратса ешнәрсеге жарамас еді» (27-сөз), «Құдай тағала. ішіңдегі қазынаңды жоғалтып, қайуан бол деген жоқ» (43-сөз) және т.б. қара сөздерін қосыңыз.
Екінші дәлеліміз – бастапқы және соңғы шумақтар сабақтастығы. Өлеңнің басында Абай: «Қайуанша жүріп күнелтпек» десе, соңында: «Қайтіп қайуан болайын» деп түйіндеген. Күтулі үндестік! «Қайтіп надан болайын» Абай танымын күшейткен жоқ, ойлы, сәулелі өлеңді белгілі дәрежеде тек ақсатты. Әне, Абайдың «қайуан» дегенін «надан» сөзімен жұмсарттық, онан не ұттық. Қай сөзін болмасын бұзбай, өз қалпында сақтағанға не жетсін.
Түйін. Байқап отырсыз, «Жүректе қайрат болмаса» өлеңінің өзінен-ақ жалпы адамзаттық әлденеше проблема шешуін табамыз! Хакім Абай мұрасы, әсіресе, жантану ілімі ұлттың қайталанбас бренді болатыны сол. Оның шет елдерге шығарылғаны жақсылық. Әйтсе де, асыл мұра алдымен қазақ қауымына таратылып, терең түсінуге жол салынса деуліміз. Қоғамның ой жүйесі өздігінен өзгермек емес, сеніңіз.
Атымды адам қойған соң.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме.
Ендігі сөзді ақын Абайды шайырларының шұрайлы тілі мен терең ойы еліктірген, рухынан медет сұраған араб-парсы әдеби әлемінен тарқатамыз.
Арабтар басып өткен жерлердегі жұрттың отқа, пұтқа табынған сенімінен арылтып, мұсылман жамағатына айналдырып, тегіс құбылаға қарай бас қойғызғанда Арабия түбегінде бір жаратушыны құлай сүйіп, Құдайдың құлымын деп бойұсынған, Алланың жолында жанын тәрк етуге дайын тақуалардың шағын тобы пайда болады. Оны бүгінгі күнде сәнге айналған «сопылық» сөзімен байланыстырып жібердік. Әрине, бірнеше ғасырлар бойында исламның өзіне соны мағына дарытып, Алланы тануға жаңа леп әкеліп, жүректерге иман нұрын құйған құпия ілімнің мистикалық мағынасына мән беріп, сонысымен ғана оны тартымдырақ көреміз. Ал оны адамзаттың рухани дамуындағы риялық, тақуалық, адам атына тән, жаратылысына жақын ететін жаңа өлшем ретінде қабылдау кейін қалып тұр. Абайша айтқандай:
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес.
Ақынның жанына батқан зіл батпан қаралықтан арылуға ұмтылуын білдіретін жоғарыдағы жолдардың сопылық іліммен ұштасып, жүрегін Алланың құдіретінің алдында жалаңаштағандығы емес пе?!
Сопылық – исламдағы мистикалық-тақуалық ағым ретінде VIII-IX ғасырларда пайда болып, X–XII ғасырларда әріптері, ашықтары мен каландары айшықталып кемеліне жетіп қалыптасты. Сопылық метафизиканың аскетикалық тәжірибемен үйлесуімен, Құдайды білуге мистикалық махаббат арқылы біртіндеп жақындау туралы іліммен (интуитивті экстатикалық түсініктерде) және онымен біріктірумен сипатталады. Бір ғалымдар сопылықтың анықтамасын әріден қайырыпты. Олардың айтуынша, интеллектуалды ағымдардың жиынтығы ретінде оның қайнар бұлағының да көздері әртүрлі болуы мүмкін. Егер осы сопылықты басқа халықтардың мистикалық ағымдарымен салыстырып, егжей-тегжейлі зерттесек, ортақ ұқсастықтар бар екеніне көз жеткіземіз. Еуропалық зерттеушілер сопылықтың түп-тамырын зороастризм, индуизм, христиандық тақуа монахтардың тәжірибесінен, неоплатонизм философиясынан, тіпті керек болса иудаизмнен де іздеуге болатынын айтады.
Бірақ сыртқы көріністерінің ұқсастығына қарамастан, сопылықтың нақты қайнар көзі ислам мен Құран екені әмбеге аян. Басқаша сөзбен айтқанда ислам мен Құран болмағанда біз тілге тиек еткен қосымша факторлар осындай айшықты мәдени құбылыстың пайда болуына әсер ете алмас еді. Ал ұқсастыққа келсек, оның барша адамзатқа ортақ бір қайнар көзінің болғанын білдіреді.
Бұл ағым, тегінде адамдардың өз дәуіріндегі әділетсіздікке, дүниені жалпағынан билеген билеуші элитаның алаңсыз өміріне, сән-салтанаты мен құдайдан аластатқызып жатқан бос өміріне наразылық немесе жиіркеніш арқылы пайда болған сияқты. Қалай айтқанда да бұл, осы ілім арқылы адам баласының шынайы тазалыққа ұмтылуы. Абайдың ақжарылып айтқан алдыңғы өлеңінің жалғасы тағы есімізге түседі.
Осынша ақымақ болғаным
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Ар, ұяттан күсіппін.
Қулық пенен сұмдыққа
«Сіз білесіз» дегенге
Күнге күйіп, пісіппін;
Деп жүріппін «пысықпын».
Ақынның жүрегінен жарып шыққан ащы сын көкірек көзі ашылып, тартыспен өткен алдамшы өмірдің азабын ұққанындағы аһ ұрғанын білдірмей ме?! Әрине, өзінің бойындағы індетті тану үшін, салыстырып таразылайтын безбені, адамшылықтың өлшемі болуы тиіс. Ол қандай өлшем?
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?! –
деп ақын өз ортасының кемшілігін дәл тауып тани білгенін көреді. Оның ілім мен біліммен, ізденіп оқумен келген адами құндылықтардың өлшемін іздеп, халқының да бойын жаулап алған жамандықты өзі аршып, өзі тазартуға талпынысын Қара сөздерінен көрмейміз ба? «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» (18 сөз) дей келіп, сол дәуірдегі қазақтың дінге қатысын Абай былайша жеткізеді: «Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па? (16 сөз)
«Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. (10-сөз). Хакімнің айтып отырғаны қай ғылым. Осы орайда Имам Мәліктің: «Кім ғалым болып, сопыға айналмаса, ол күнәкар болады. Ал сопылық болып, ғалым болмаған адам адасады. Ғылым мен сопылықты кім бойына сіңіріп жүзеге асырса, ол шынымен Шындықты табады» деген нақылы көңілге қонбай ма? Мәселе сопылықта не ғылымда емес, өмір салтында, ізгілік жолдан, адам атынан тайдырмайтын шарттылықта.
Шайхы Сағди Ширази бір хикметінде сондай ғалым туралы айтқаны біздің ойымызды айшықтай түседі:
Тақуасыз ғалым – жарығы
Ысырап қылған өмірін іске
қалған бір жан шайласыз.
Жасыратыны жоқ, ақынның тіліндегі «ғылым» сөзін еуроцентристік көзқарастың ыңғайына жығылып орысша оқы, өнерді де ғылымды да орыстан үйрен деп келдік. Біржақты қарауға ақынның 2-ші немесе 25-ші қара сөздерінің әсерін жоққа шығаруға болмайды.
Естеріңізге сала кетсек: «Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе – шаршап, жаяу жүрсе – демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп.
Орыс ойына келгенін қылады деген. не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» деп.
Сонда мен ойлаушы едім: Ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.
Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Оның малдыларына, құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «сәнің шақшы аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасық қазақ», – деп үйінен қуып шығарады. Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері. Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?»
Мұнда қазақты өзге ұлттармен салыстырып қарасақ, мына сөзінде: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к. і ашылса да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазір де орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр».
«Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уайым жеп
«Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін» деген Абайды ұға алмадық. Осылайша, дәл сол тұстағы өзі жасап жатқан қыр баласының қоңырқай тірлігіндегі түбегейлі өзгерістер, өркениеттердің бетпе-бет келіп, жаңа қоғамдық сатыға ауысқан сәттегі аңтарылған жұртының басына түскен күрделі кезеңге қаратып айтқан «қап» дегенін қағып алып, Абайды өз топырағы шығысынан бұрып алып, тамырын жая алмайтын қу тақырға отырғызып қойды. Ақыннан қалған 45 қара сөзінің осы жолдары ақын мұрасын басқа арнаға салып жіберді. Құнарынан жұлып алып қу тақырға еккен ағаштың жапырағы жайқалып шынарға айналмасын кейін біліп сезіндік. Бесіктегі баланың тілі орысша шығып, қаны тартпайтын бөтен жұрт өсіп шықты. Орыс та емес, қазақ та емес. Ақын мұрасын түсінудегі бағытынан айырудың нәтижесінде ойшылдық құдығының қауғасын үзіп, салқын суын сарқып ішіп, мөлдіріне мейір қандыратын мүмкіндіктен айырылып қалдық. Қауғаны қайта жалғайтын күш бар ма?!
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Міне, ақынның пайымындағы ғылым. Барша адамзатқа ортақ құндылық. Адамды болмысынан ажырататын бес жамандық, адам келбетін жоғалтпаймын дегенге жарасар бес асыл іс. Өлеңнің ақырғы жолдарында «Мұны жазған білген құл – Ғұламаһи Дауани» дейді. Ол кім? Күні кешеге дейін мектеп бағдарламасында өлеңнің осы жолынан аттап кетіп, атын ауызға алып ешкім түсіндірген емес, Ақынның шығысына қиянаттың басы осы емес пе?!
«Солай депті ол шыншыл» деп баға берген Абаймен қатыстылығы болған себепті Мекемтас Мырзахметұлы Ғұламаһи Дауани туралы мақала жазып, алғаш рет қазақ оқырмандарына бертінде, тоқсаныншы жылдары жеткізді. Ал ақынның 175-жылдығында шығарған шығыстанушы-ғалым Ислам Жеменейдің «Абай Құнанбайұлының шығармасындағы түркі-парсы ақындары (шығыстық дүниетаным) кітабында Дауани туралы барынша мол дерек берілді. Осы екі мақаланың негізінде ХІ ғасырда Хорасанда дүниеге келген Дауанидің ғұмырбаянына қысқаша шолу жасап кетелік. Оның шын есімі – Джелал-д-Дин-Мухаммед бен-Асхад ус-Садики ал-Дауани. Ол 1426 жылы Хорасандағы Казерун (қазіргі Иранның батыс жағы) уалаятына қатысты Дауани қыстағында дүниеге келген. 1502 жылы Шираз қаласында қайтыс болған. Әкесі мәулана Сәдеддин Әсһәд діндар, білімді, беделді болған. Оның ататегі мұсылмандардың бірінші халифасы Әбубәкір Сыдықтың баласы Мұхаммед Әбубәкірұлынан тарайды.
Дауани білімді Шираз қаласында алған. Ол әсіресе, медреседе фикхпен (мұсылман правосы), яғни юриспруденциямен көбірек шұғылданады. Фикх ғылымына жетік болып шығуы себепті Парсы уалаятына бас қазы болып тағайындалады. Кейін ғылым жолына біржола түсуі себепті, қазылық қызметін тоқтатқан. Шираздағы атақты медреселердің бірінде мүддәрисшілдікке (профессорлық) ауысып, ұстаздық жолына түседі.
Осы екі аралықта Шираз қаласының әмірі Жүсіп Жаһаншаһұлының сарайында уәзірі болады. Дауанидің кәләм, хикмет, тәпсір, хадис, сопылық, поэзия, әдебиет, астрономия, логика, геометрия, биология салалары бойынша жазған еңбектері ғалымдардың назарын аударады.
Англияның Британия музейінің 1922 жылы шығарған парсы тіліндегі еңбектердің аса көлемді библиографиясында Ғұламаһи Дауанидің оннан астам еңбектерінің аты аталады. Ал атақты ғалым Табризидің мәліметтері бойынша, Ғұламаһи Дауани артына жүзден астам еңбек қалдырған. Ғұлама мұрасының ауқымын Ислам Жеменей өз еңбегінде нақтылап көрсетеді: «Дауанидің парсы, араб тілдеріндегі философиялық еңбектері, қарапайым, түсінікті тілмен түрлі тақырыптарға жазған шығармалары өзі өмір сүрген заманында да, одан кейін де мектеп-медреселерде оқулық ретінде пайдаланып келді. Зерттеуші Риза Пур Жавадидың айтуынша: Дауанидің әртүрлі тақырыптарға жазған кітаптарының саны 106-ға жетеді. Оның ішінде: философияға – он жеті, кәләмға – он төрт, сопылыққа – он төрт, логикаға – он үш, тәпсірге – он, мораль мен саясатқа – сегіз, фикһқа жеті кітап жазған. Дауанидің ақындығы, көптеген өлең-жыр жазып қалдырғаны өз алдына бөлек әңгіме».
Ғұламаһи Дауанидың ең мол тараған әрі көп тілдерге аударылған атақты еңбектерінің бірі – «Жалали этикасы» (Ахлаки Жалали). Бұл еңбек парсы тілінде жазылған, Үндістанда литографиялық әдіспен бірнеше рет жарық көреді. Еуропада алғаш рет ағылшын тілінде 1839 жылы В.Ф.Томпсонның аударуымен «Мұсылмандардың практикалық философиясы» деген атпен басылған. Ал Ресейде бұл еңбек 1916 жылдан бастап пайда бола бастаған. Сондықтан да Абай Дауани еңбектерін парсы тіліндегі түпнұсқадан оқып білген деуге келеді.
Ислам Жеменейдің Ғұламаһи Дауани туралы мақаласын оқып отырып, бірнеше ғасыр өтсе де сол шырақтың сәулесін сезініп, асқан құштарлықпен ғылымға бой ұрған ақынның жүрек тебіренісін сезіндім.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
Екі ғұламаның өмір жолы мен ұстанымын байланыстыра зерттеп берген Ислам Жеменей: «Жалал Дауанидің дүниетанымындағы тағы бір ерекшелігі – ол сопылыққа қаншалықты іңкәр болғанымен, дүниеәуи өмірден қол үзбеген» деп тұжырымдайды. Жеменей ағамыз талдап көрсеткендей, Дауани ислам қағидаттарындағы «қанағат, «еркіндік» және «ағайын-туыстарға игілік жасаудың» негіздерін экономикалық тұрғыдан қарастырғанын айтады. Абайдың да ғылым-білім, ағайындар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты өлеңдерінің арқауын ортағасырлық Дауанидің үлгісінде алып, соның пайымымен үндестіре келе, өзінің өлеңімен де, қара сөздері арқылы да Дауанимен сырласып, ғалымға мұңын айтып жырлағандай әсер қалдырады. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші Ислам Жеменей ағамызға Дауани еңбектерін парсыдан аударып қазақ оқырмандарына жеткізсе деген тілегіміз бар. «Ахлаки Жалали» қазақша сөйлесе Абай мұрасының да ажары шырайланып, оқырмандарымызға барлық қырымен жақындай түсер еді.
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның
Бәрі кесел асқанға.
Өйткен адам жолығар
Қалай дегенде де Абайдың дүниетанымымызда айтарлықтай із қалдырып, даналықтың дәнегін ақын көкірегінде көркейте білген Джелал-д-Дин-Мухаммед бен-Асхад ус-Садики ал-Дауанидың мұрасы екені даусыз. Әсіресе, Абайдың ілім-ғылым жөніндегі ой-толғамдары Дауани шығармаларымен ұштасып, сол үлгіде ел-жұртына өсиет айтып, тура жолды меңзей білді.